Қазақстан шекарасында жанжал шығарған бес баланың анасы сотталды
Қырғызстаннан қайтып келе жатқан тұрғын шекараны кезексіз өтпек болып басы дауға қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысындағы қазақ-қырғыз шекарасында орын алған әйелдер арасындағы төбелес қылмыстық іспен аяқталды. Жанжал шығарған қатысушылардың біріне сот шешімімен қоғамдық жұмыстар жүктелді.
Жамбыл облыстық соттарының ресми Telegram-арнасы хабарлағандай, Жамбыл аудандық соты бұзақылық ниетпен ұрып-соғу (ҚР ҚК 109-1-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы) дерегі бойынша азаматшаға қатысты қылмыстық істі қарады.
Оқиға 2026 жылдың мамыр айында «Айша бибі» өткізу пунктінде орын алған. Отбасымен Қырғыз Республикасынан қайтып келе жатқан айыпталушы мемлекеттік шекараны кезексіз өтпек болған. Оған ескерту жасаған басқа жолаушы әйелмен арада ауызша жанжал туындайды. Шекарадан өткен соң жәбірленуші болған жағдайды телефонына түсіре бастаған. Сол сәтте айыпталушы жүгіріп келіп, оның бетінен шапалақпен ұрған. Төбелесті оқиға куәгерлері тоқтатты.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтып, жәбірленушіден кешірім сұрады. Жәбірленуші тарап өзіне бірнеше соққы тигенін айтқанымен, сараптама қорытындысы денсаулыққа ауыр зиян келмегенін растады.
Сот айыпталушының бұрын сотталмағанын, өкініш білдіргенін және асырауында 5 кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерді. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға жегілді. Бұдан бөлек, ол жәбірленушіге моральдық зиян ретінде 300 мың теңге өтемақы төлейтін болды. Сот үкімі заңды күшіне енді.
Материал авторы