842

Павлодарда сәбилі ананың басына жоғарыдан мұз кесегі құлады

Бейнебақылау камерасына түскен кадрларда әйелдің соққыдан құлап, арбадағы баланың төмен қарай сырғып кеткені көрінеді.

Павлодарда сәбилі ананың басына жоғарыдан мұз кесегі құлады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда жаздың ыстық күнінде әйелдің басына көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан түскен мұз кесегі тиіп, ол ауыр жарақат алған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, кінәлі адамды анықтап жатыр.

Оқиға 8 шілде күні болған, алайда ол туралы ақпарат енді ғана тараған. Жағдайды Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Дәрімова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған.

Бейнебақылау камерасына түсірілген кадрларда әйелдің тротуармен кішкентай баласы отырған арбаны итеріп келе жатқаны көрінеді.

Сол сәтте жоғары қабаттан төмен қарай бір зат құлап, әйелдің басына тиген. Алдын ала болжам бойынша, бұл мұз кесегі болған.

Қатты соққыдан әйел жерге құлаған. Оның баласы отырған арба пандус бойымен төмен қарай сырғып кеткен.

Басына соққы тигеніне қарамастан, әйел дереу есін жинап, баласының артынан жүгірген.

Оқиға орнына жақын маңдағы адамдар көмекке келген. Зардап шеккен әйел ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның басындағы жарасына тігіс салған.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Полиция қызметкерлері бейнебақылау жазбаларын алып, зерттеген, куәгерлерден жауап алған және қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

«Бейнежазбада заттың жәбірленушінің үстіне құлаған сәті тіркелген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, осы іске қатысы бар адамды анықтау және оны жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданып жатыр», – деп хабарлады ведомство.

Полиция департаменті бұл қылмыстық іс басшылықтың ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Бір қарағанда қарапайым серуен сияқты көрінген сәттің бірнеше секунд ішінде қауіпті жағдайға айналуы мүмкін екенін бұл оқиға тағы көрсетті. Жоғарыдан түскен бір заттың өзі адам өміріне үлкен қауіп төндіреді, ал оның артында кім тұрғанын анықтау енді тергеудің міндеті.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор