1426

«Битамен ұрып, саусақтарын сындырған»: Семейде әйелді өз күйеуі өлтірген болуы мүмкін

Марқұмның артында екі баласы қалды, олардың бірі анасының өлімінен кейін ауыр психологиялық күйзеліске түскен.

«Битамен ұрып, саусақтарын сындырған»: Семейде әйелді өз күйеуі өлтірген болуы мүмкін
Информбюро

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде ер адам әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірді деген күдікке ілініп, қамауға алынды. Марқұмның туыстарының айтуынша, 52 жастағы әйел ұзақ уақыт бойы күйеуінен қысым көрген. Бұл туралы 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасы жеткізді.

Туыстарының сөзінше, қайғылы оқиға әйелдің жұбайымен арадағы қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдауынан кейін болған.

Марқұм Айжан Баяхметованың жақындары күйеуі бірнеше жылдан бері ішімдік ішіп, жанұясына тыныштық бермегенін жеткізді.

Олардың айтуынша, ер адам әйеліне бейсбол битасымен бірнеше рет соққы жасап, ауыр жарақат салған.

«Битамен басынан ұрды. Қабырғасын, саусақтарын сындырды. Қолына, жамбасына зақым келтірген. Арқасы түгел көгерген. 27–28 рет соққы жасаған», – деді марқұмның туысы Жанна Нұрғазина.

Отбасының айтуынша, сәуір айында ерлі-зайыпты қарым-қатынасты бейбіт түрде тоқтатуға келіскен.

Алайда арада бірнеше күн өткен соң ер адам үйге келіп, жанжал шығарған. Туыстарының сөзінше, ол әйел мен балаларының киімдері мен құжаттарын өртеп жіберген.

Марқұмның жақындары ер адам әйелдің артынан аңдып жүргенін және ақыры жұмыс орнынан шыққан сәтінде шабуыл жасағанын айтып отыр.

«Соттың әділ өтуін талап етеміз. Бұл іс бірнеше бап бойынша қаралуы керек деп есептейміз. Қудалау, қорлау болған. Соңына дейін артынан жүріп, осындай қадамға барған», – деді туысы.

Оқиғадан кейін күдікті қашып кеткенімен, көп ұзамай ұсталып, қамауға алынған.

Марқұмның артында екі баласы қалған. Туыстарының айтуынша, анасының қазасы 12 жастағы қызға ауыр әсер етіп, ол тұтығып сөйлей бастаған. Ал 16 жастағы ұлының денсаулығына байланысты ерекше қажеттілігі бар екені айтылды.

Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалған. Тергеу толық аяқталып, іс сот қарауына жіберілген. Сот процесі жақын күндері басталады.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор