20 тәулік қамауда болған Данияр Елеусінов бостандыққа шықты
Мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаланған Олимпиада чемпионы қателігін мойындады
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандық боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйінде көлік жүргізгені үшін тағайындалған 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын өтеп, бостандыққа шықты.
28 шілде күні кешке Данияр Елеусінов арнайы қабылдау орнының алдында босап шықты. Оны жұбайы Алина мен жақын достары қарсы алды.
Спортшы журналистерге қысқаша пікір білдіріп, болған жағдайға өкініш білдірді.
«Бұл оқиғаға қатысты айтарым, болған нәрсе болды, оны өздеріңіз де көрдіңіздер. Осы жағдайға қатты өкінемін», – деді Елеусінов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанада Данияр Елеусінов мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған болатын.
Осы оқиғаға байланысты Астана қаласының әкімшілік соты спортшыны 20 тәулікке қамауға алып, жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырған.
Данияр Елеусінов – қазақстандық бокстың танымал өкілдерінің бірі. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған. Сонымен қатар 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы атанған.
Материал авторы