«Қазақстанның туына отырғызды»: қазақ блогері Бота Миа тағы да даудың ортасында қалды (ВИДЕО)
Қырғызстанға сыйланған жылқыдан кейін Бота Миа қайтадан жұрт талқысына түсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық блогер Бота Миа тағы да әлеуметтік желідегі қызу талқының ортасына түсті. Бұл жолы жұртшылықтың наразылығына оның Қырғызстанға сыйға тартқан жылқының үстіндегі Қазақстан туы бейнеленген жабу себеп болды.
Бұған дейін блогер Қырғызстандағы сән апталығында берген сұхбатында айтқан сөзі үшін сынға ұшыраған еді. Кейін ол қырғызстандық 11 жастағы шабандоз Әлихан Асқарбековке жылқы сыйлап, көпшілік мұны екі ел арасындағы достықтың белгісі ретінде бағалады.
Жас шабандоз жақында Ыстықкөлде өткен халықаралық бәйге кезінде қазақстандық шабандоз аттан құлаған сәтте жылқыны тоқтатып, жарыстың жалғасуына мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде Қазақстан құрамасы үшінші орын алған.
Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі сыйға тартылған тұлпардың үстіндегі жабуда Қазақстанның мемлекеттік туы бейнеленгеніне назар аударды. Олардың пікірінше, көк байрақтың жылқының жамбас тұсына орналасуы мемлекеттік рәмізге құрметсіздік ретінде қабылдануы мүмкін.

Threads желісінде жарияланған жазбада автор Бота Мианың әрекетін сынап, мемлекеттік туды мұндай мақсатта пайдалануға болмайтынын айтты. Жазба астында көптеген қолданушы пікір қалдырып, блогердің әрекетін сынға алды.
Сонымен қатар желіде бұл мәселеге өзгеше көзқарас білдіргендер де болды. Олар ат жабуы бұрыннан ұлттық өрнек пен мемлекеттік рәміздер бейнеленетін бұйым ретінде қолданылып келетінін айтып, дауды тым ушықтырмауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Бота Миа Қырғызстандағы сән апталығында журналистің «Әлемдік биіктерді бағындырып жатырсыз» деген сауалына «Қырғызстан биік пе?» деп жауап бергені үшін әлеуметтік желіде кеңінен сынға ұшыраған болатын.
Материал авторы