1058

Бүгін 44 градусқа дейін аптап ыстық болады

Қазақстанның көптеген өңірінде төтенше өрт қаупі жарияланды.

Бүгін 44 градусқа дейін аптап ыстық болады
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірнеше өңірінде алдағы күндері 40–44 градусқа дейін аптап ыстық сақталып, кей аймақтарда найзағай, бұршақ, дауыл және шаңды дауыл болады. Сонымен қатар көптеген өңірде төтенше өрт қаупі жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді.

Синоптиктердің болжамынша, 30 шілдеде Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының бірқатар ауданында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл тұрып, желдің екпіні 15–23 м/с-қа дейін жетеді.

Сонымен қатар Түркістан облысында шаңды дауыл күтіледі. Жамбыл, Алматы, Жетісу және басқа да өңірлерде жел күшейеді.

Елдің басым бөлігінде ауа температурасы 35–42 градусқа дейін көтеріледі. Ең жоғары температура Қызылорда, Түркістан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында тіркелмек.

«Қазгидромет» мәліметінше, 31 шілде мен 2 тамыз аралығында аптап ыстықтың күшеюі жалғасады.

  • Ақтөбе облысының оңтүстігі мен шығысында – 40–41°C;

  • Қостанай облысының оңтүстігінде – 40°C;

  • Қарағанды және Ұлытау облыстарының оңтүстігінде – 41°C;

  • Абай облысының оңтүстігінде – 41°C дейін ыстық болады.

Синоптиктердің ескертуінше, көптеген өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жетісу, Абай, Ұлытау, Қарағанды, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай және Атырау облыстарының жекелеген аудандарында өрт шығу қаупі өте жоғары.

Мамандар тұрғындарды аптап ыстық кезінде ұзақ уақыт күн астында жүрмеуге, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және қолайсыз ауа райы кезінде барынша сақ болуға шақырды.

Материал авторы