810

Толық адамдарды арықтатып жүрген блогер жол ережесін бұзғаны үшін жазаланды

Айтым Жақыпов жол қозғалысы ережесін бұзғанын мойындап, басқа жүргізушілерден кешірім сұрады.

Толық адамдарды арықтатып жүрген блогер жол ережесін бұзғаны үшін жазаланды
instagram.com/aitymzhakupov

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада танымал блогер әрі спортшы Айтым Жақыпов жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ереже бұзған сәті түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кеткен. 

Видео Threads желісінде жарияланған. Кадрлар Қарқаралы тас жолында, Tarlan Astana (LRT) желісі бойында түсірілген.

Жазба авторының айтуынша, Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі жол жиегімен жүрген, жол белгілерінің талаптарын елемеген, бұрылыс шамын қоспай маневр жасаған, қарсы бағытқа шығып, өзге жүргізушілерге апатты жағдай туғызған.

«Неліктен басқа жол қозғалысына қатысушыларға осындай ашық құрметсіздік көрсету керек?» деп жазды жарияланым авторы.

Видео аз уақыт ішінде көп қаралым жинаған. Кейін пікірлердің бірінде көлік тізгінінде болған Айтым Жақыпов өзі түсініктеме қалдырды.

«Шынымен қатты асықтым. Егер біреуге қолайсыздық тудырсам, шын жүректен кешірім сұраймын», – деп жазды блогер.

Оқиғаға Астана қаласының полиция департаменті де үн қатты.

Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында аталған видеоны анықтап, жүргізушінің жеке басын белгілеген. Ведомство мәліметінше, 34 жастағы жүргізуші жол белгілерінің талаптарын сақтамағаны, қарсы бағытта қозғалу қағидаларын және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор