«Әке, мені алып кетші»: Нұрай Серікбайдың соңғы өтініші сотта айтылды
Марқұмның әкесі қызының өлер алдындағы соңғы телефон қоңырауы туралы сотта жан тебірентерлік мәлімдеме жасады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте өз үйінің маңында қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ата-анасы сотта куәлік берді. Жалғыз қызынан айырылған әке мен ана сол күнгі оқиғаларды еске алып, көз жасын тыя алмады. Бұл туралы Otyrar.kz басылымы жазды.
Марқұмның әкесі әрі іс бойынша жәбірленуші Бауыржан Сағымбектің айтуынша, Нұрай мектепті үздік бітіріп, мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына түскен. Оның алға қойған жоспары мен арманы көп болған.
Әкесінің сөзінше, Нұрай ашық мінезді, мейірімді әрі өмірге құштар қыз болған. Ол жақын арада тұрмысқа шығуды жоспарламаған. Барлық маңызды мәселеде ата-анасымен ақылдасқанымен, соңғы шешімді әрдайым өзі қабылдайтын.
Сондықтан оны күштеп тұрмысқа беру мақсатында алып кеткенде, ата-анасы ең алдымен қызының өз пікірін сұраған. Нұрайдың келіспейтінін естіген соң, бірден үйіне алып кеткен.
Сотта Бауыржан Сағымбек қызының өміріндегі соңғы телефон қоңырауын еске алды.
«Телефонмен сөйлестім. Қызым: «Әке, мұнда мен қаламайтын нәрсе болып жатыр. Мені алып кетші», – деді. Егер қызым өзі сол жігітпен бірге болғысы келсе, қарсы болмайтын едім. Кешкі жетілер шамасында жұбайым хабарласып, «Нұрайға бірдеңе болды. Жерде жатыр. Полиция жақындатпай жатыр» деді. Сол сәтте өте ауыр жағдай болғанын түсіндім. Басшылыққа хабарлап, бірден жолға шықтым», – деді ол.
Жәбірленуші тараптың пікірінше, егер құқық қорғау органдары қызды алып қашу және оны аңду туралы арыздарға дер кезінде әрекет еткенде, бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді.
Бұған дейін Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айыпталушы Шерхан Аймахан да жауап берген болатын. Ол өз кінәсін толық мойындамай, қылмысты аффект жағдайында жасағанын мәлімдеді.
Еске салайық, алдын ала сот тыңдауы 23 шілдеде өтті. Айыптау актісіне сәйкес, күдікті Нұрайды еркінен тыс алып кетіп, кейін оны аңдыған. Арада көп уақыт өтпей, қызға 35 рет пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Материал авторы