1199

Астанада 1 тамыздан бастап LRT үшін жаңа тарифтер күшіне енеді

CTS айлық жол жүру билеттерін пайдалану тәртібі мен олардың жарамдылық мерзімін түсіндірді.

Астанада 1 тамыздан бастап LRT үшін жаңа тарифтер күшіне енеді
instagram.com/cts_kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 1 тамыздан бастап Астанадағы Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінде жолақының жаңа тарифтік жүйесі іске қосылады. Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) компаниясы хабарлады.

CTS мәліметінше, жаңартылған тарифтік жүйе жолаушыларға ыңғайлы болу үшін енгізіліп отыр. Бір реттік жол жүру құны бұрынғыдай 200 теңге болып қалады.

Жаңа жол жүру тарифтері

Мерзімдік жол жүру билеттері:

  • 1 күн – 500 теңге;

  • 3 күн – 1 500 теңге;

  • 5 күн – 2 500 теңге;

  • 10 күн – 4 000 теңге;

  • 15 күн – 5 000 теңге;

  • 1 ай – 7 500 теңге;

  • 3 ай – 20 000 теңге.

Белгілі бір сапар санына арналған тарифтер:

  • 5 сапар – 900 теңге;

  • 10 сапар – 1 800 теңге;

  • 20 сапар – 3 500 теңге;

  • 30 сапар – 5 000 теңге.

Тарифтер қалай қолданылады?

CTS түсіндіруінше, айлық тариф ағымдағы айдың 15-іне дейін (қоса алғанда) сатып алынса, сол айдың соңына дейін жарамды болады. Ал 15-інен кейін рәсімделген жағдайда оның күші келесі айдың 1-күнінен басталады.

Айлық жол жүру билеті сатып алынған күнтізбелік ай ішінде, яғни айдың 1-інен соңғы күніне дейін жарамды.

Ал күндік жол жүру билеттері мен сапар пакеттері алғашқы валидациядан кейін іске қосылып, сол күннің соңына дейін немесе сатып алынған сапар саны толық пайдаланылғанға дейін жарамды болады.

Тарифті қайдан сатып алуға болады?

Жол жүру билеттерін жеңіл рельсті көлік станцияларындағы кассалардан сатып алуға болады. Олар Tarlan Astana көлік картасына жүктеледі.

Картадағы қалдық қаражатты станция кассаларынан немесе терминалдар арқылы тексеруге болады.

CTS жоғалған көлік картасындағы белсенді тарифтер қалпына келтірілмейтінін және басқа картаға көшірілмейтінін ескертті.

Қазіргі уақытта жаңа тарифтер тек Tarlan Astana LRT жүйесінде ғана қолданылады. Сонымен қатар оларды қала автобустары жүйесімен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Материал авторы