3230

Қытайдағы даулы видео: шешендер қазақ қызына араша түсті (ВИДЕО)

Шетелдегі қазақ қызына көмектескен шешен азаматтар туралы видео тарады.

Қытайдағы даулы видео: шешендер қазақ қызына араша түсті (ВИДЕО)
бейнежазбадан

Әлеуметтік желілерде Қытайда болғаны болжанған жанжалдың видеосы тарады. Кадрларда екі ер адамның қазақ қызына араша түскені көрсетілген. Бұл туралы «ЧП Грозный 95» Instagram парақшасы жариялаған.

Бейнежазбада қоғамдық орында бірнеше адамның өзара сөзге келіп қалғаны байқалады. Сол сәтте екі ер адам жанжалға араласып, қатысушылардың бірін кейін шегіндірген.

Жарияланым авторларының мәліметінше, оқиғаға шешен жігіттер араласып, Қытайдағы қазақ қызына көмектескен.

Әлеуметтік желі қолданушыларының нұсқасына қарағанда, жанжал жергілікті тұрғынның қызды смартфонға түсіруінен басталған. Қыз түсірілімге қарсылық білдіргеннен кейін олардың арасында дау туындағаны айтылады. Осы кезде екі ер адам жағдайға араласқан.

Видео қазақстандық қолданушылар арасында қызу талқы тудырды. Көпшілік ер адамдардың сырт айналмай, қызға көмектескенін атап өтті.

«Рахмет, жігіттер, қазақ қызына араша түскендеріңіз үшін», – деп жазды пікір қалдырғандардың бірі.

Тағы бір қолданушы әртүрлі халық өкілдерінің қиын сәтте бір-біріне қолдау көрсетуі адамдық қасиетті көрсететінін атап өткен.

Сонымен қатар кейбір желі қолданушылары қысқа видеодан оқиғаның толық мән-жайын анықтау мүмкін емес екенін айтып, асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Қазіргі таңда жанжалдың нақты қай жерде және қашан болғаны, оған қатысқан адамдардың кім екені, сондай-ақ оқиғаның толық себебі ресми түрде расталған жоқ. Кейде интернеттегі бірнеше секундтық видео бірден үлкен пікірталас тудырады, ал шындық оның артында әлдеқайда күрделі болуы мүмкін.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор