Қазақстанға 44 градус аптап ыстық келе жатыр: қай өңірлерге ескерту жарияланды
Қазақстанның басым бөлігінде аптап, найзағай және шаңды дауыл болады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 31 шілдеде Қазақстанның көптеген өңірінде ауа райы күрт құбылады. Бірқатар облыста аптап ыстық 44 градусқа дейін жетсе, кей өңірлерде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және шаңды дауыл болады. Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлады.
«Қазгидромет» мәліметінше, елдің бірнеше өңірінде ауа температурасы 35–44 градусқа дейін көтеріледі. Ең жоғары көрсеткіш Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркелмек. Мұнда күндізгі температура 40–44 градусқа дейін жетеді. Сонымен қатар Жамбыл, Маңғыстау, Ақмола, Павлодар, Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да қатты ыстық сақталады.
Синоптиктердің болжамынша, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл соғып, желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Ал Қызылорда, Түркістан және Атырау облыстарында шаңды дауыл күтіледі. Жетісу облысындағы Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.
Елдің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Ұлытау, Қарағанды, Жетісу және басқа да өңір тұрғындарына ерекше сақ болу ұсынылады.
Сондай-ақ 31 шілде мен 1 тамыз күндері Қарағанды және Ұлытау облыстарының оңтүстігінде күндіз ауа температурасы 41 градусқа дейін көтеріледі. Ал 1-2 тамызда Абай облысының оңтүстігінде де 41 градус өте қатты ыстық болады.
Астанада күндіз ауа температурасы 35–37 градусқа дейін көтерілсе, Көкшетауда жаңбыр мен найзағай күтіледі. Шымкентте 40–41 градус, Түркістан қаласында 42–44 градусқа дейін ыстық болады.
Материал авторы