943

Қарағандыда жалған журналистер әкім орынбасарынан 2,5 млн теңге бопсалаған

Әкім орынбасары олардың сөзіне сеніп, 2,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, талап етілген соманы берген.

Қарағандыда жалған журналистер әкім орынбасарынан 2,5 млн теңге бопсалаған
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты аудан әкімінің орынбасарынан ақша бопсалады деп айыпталған екі адамға қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу мәліметінше, олар өздерін ақпараттық порталдың қызметкерлері ретінде таныстырып, ымыраға келтіру үшін ақша талап еткен. Кейін сот оларды кінәлі деп танығанымен, рақымшылық туралы заң негізінде жазадан босатты.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың желтоқсанында сотталушылар БАҚ өкілі болмағанына қарамастан, өздерін ақпараттық портал қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар аудан әкімдігі қызметіне қатысты беделіне нұқсан келтіретін бейнежазба бар екенін айтып, оны жарияламау үшін аудан әкімінің орынбасарынан ақша талап еткен.

Шенеунік олардың сөзіне сеніп, 2,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, талап етілген соманы берген.

Алайда 2026 жылдың қаңтарында күдіктілер дәл осы тәсілмен тағы да ақша алуға әрекеттенген. Бұл жолы олардың жоспары жүзеге аспай, полиция қызметкерлері ұстап алған.

Сот барысында айыпталушылардың кінәсі өздерінің мойындау жауаптарымен қатар, жәбірленушінің, куәлардың түсініктемелері және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген.

Соттың мәліметінше, 2026 жылғы 21 шілдедегі қаулыға сәйкес, бірінші эпизод бойынша келтірілген залал толық өтеліп, жәбірленуші айыпталушыларды кешіргендіктен іс тоқтатылған.

Ал екінші эпизод бойынша олардың әрекеті Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 190-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қайта сараланды. Кейін «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның негізінде екі сотталушы да жазадан босатылды.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор