1998

«Мен органда істеймін»: Семейдегі жанжалдан кейін бірнеше адам жазаланды

Таксидің капотына жатып, өзін күштік құрылым қызметкері ретінде таныстырған ер адам жауапқа тартылды.

«Мен органда істеймін»: Семейдегі жанжалдан кейін бірнеше адам жазаланды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде тұрғын үй кешенінің ауласында таңғы сағат төрт шамасында болған жанжалдан кейін оқиғаға қатысқандардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оқиға 31 шілдеде «Синяя птица» тұрғын үй кешенінің ауласында болған. Halyqstan Telegram-арнасының мәліметінше, куәгерлер сол түні мас күйдегі бір топ адамның аулада ішімдік ішіп, былапыт сөз айтып, тұрғындардың тыныштығын бұзғанын хабарлаған.

Кейін ер адамдардың бірі аулаға келген көліктің, болжам бойынша таксидің, капотына жатып алып, жүргізушіге өзін «құқық қорғау органдарында жұмыс істейтінін» айтқан.

Куәгерлердің сөзінше, такси жүргізушісі жолаушылардың қатты мас болғанын және көлік салонына алкоголь алып кірмек болғанын көріп, оларды тасымалдаудан бас тартқан.

Оқиға орнына полиция шақырылғанымен, патруль келгенге дейін құқық бұзушылар тарап кетіп үлгерген.

Абай облысы полиция департаменті кейін оқиғаға қатысқан барлық адамның жеке басы анықталғанын мәлімдеді.

Тексеру барысында көлік капотына шыққан ер адамның қоғамдық орында алкоголь ішкені, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны анықталған. Сондай-ақ оның құқық қорғау органдарына ешқандай қатысы жоқ екені белгілі болды.

Полицияның хабарлауынша, жанжалға қатысқан қалған адамдар да әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың қоғамдық орында былапыт сөз айтуы, азаматтарға тиісуі және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттері Қазақстан заңнамасына сәйкес сараланған.

Анықталған барлық құқық бұзушылық бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс материалдары мамандандырылған әкімшілік соттың қарауына жолданды. 

 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор