2559

Атырауда ойыншық Porsche мінген жасөспірімнің ұсталуына полиция түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде қызу талқыланған видеоның мән-жайына қатысты полиция ресми түсініктеме берді.

Атырауда ойыншық Porsche мінген жасөспірімнің ұсталуына полиция түсініктеме берді
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласы әкімдігі алдындағы алаңда балаларға арналған Porsche стиліндегі электромобильде отырған жасөспірімнің полиция қызметкерлерімен ұсталуына байланысты әлеуметтік желіде тараған видеоға құқық қорғау органдары ресми түсініктеме берді. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды.

Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 31 шілде күні кешке тұрғындардан әкімдік ғимаратының алдында балаларға арналған электромобильлерді жалға беру қызметінің заңсыз жұмыс істеп жатқаны туралы шағым түскен.

Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары мен қала әкімдігінің қызметкерлері барған. Тексеру барысында жеті балалар электромобилі тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылған. Қазір аталған жалға беру қызметінің заң талаптарына сәйкес жұмыс істеген-істемегені анықталып жатыр.

Полицияның хабарлауынша, электромобильлерді тиеу кезінде жасөспірімдердің бірі көлікке отырып алып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан. Сондай-ақ оның сағат 23:00-ден кейін қоғамдық орында заңды өкілінсіз жүргені анықталған. Осыдан кейін жасөспірім қалалық полиция басқармасына жеткізілген.

Оның заңды өкіліне екі әкімшілік бап бойынша жауапкершілік жүктелді. Атап айтқанда, баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны және кәмелетке толмағанның түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз қоғамдық орында болғаны үшін әкімшілік хаттамалар рәсімделген.

Полиция тексеру аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Еске салайық, әкімдік алдындағы алаңда ашық жасыл түсті, сыртқы келбеті Porsche көлігіне ұқсайтын балалар электромобилінде отырған жасөспірімнің ұсталған сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қызу талқыға түскен.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор