Жамбыл облысында ер адамға оқ атылып, қаза тапты
Жалғыз ұлынан айырылған отбасы Президенттен көмек сұрады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговое ауылында ер адамға оқ атылып, көз жұмды. Марқұмның туыстары оқиғаға дейін оған бірнеше рет қоқан-лоқы жасалғанын айтып, істің әділ әрі жан-жақты тергелуін талап етуде. Бұл туралы «Криминальный Казахстан» арнасы жазды.
Қайғылы оқиға 1 тамызға қараған түні шамамен сағат 03:00-де болған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, қылмысқа аудан аумағында әрекет етеді деп күдік келтіріліп отырған қылмыстық топпен байланысы бар жастардың қатысы болуы мүмкін. Қаза тапқан азаматтың әпкесінің сөзінше, негізгі күдіктінің жасы – 22-де.
Отбасы мүшелері марқұмға қайғылы оқиғаға дейін бірнеше мәрте қауіп төндіріліп, қоқан-лоқы жасалғанын мәлімдеді. Осыған байланысты олар Қазақстан Президентіне үндеу жолдап, істі жеке бақылауға алып, жан-жақты әрі бейтарап тергеуді қамтамасыз етуді сұрады.
Марқұмның артында жұбайы, бір ұлы мен қыздары қалды. Сондай-ақ қарт ата-анасы жалғыз ұлынан айырылған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, күдіктінің жеке басы анықталып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазір қылмыстық істің барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.
Материал авторы