Атырауда үш жасар қыз анасының өліміне куә болған
Төрт баланың анасын аяусыз өлтіріп кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда 42 жастағы төрт баланың анасы өз үйінде қатыгездікпен өлтірілді. Қанды қылмысқа қатысты күдікпен оның азаматтық некедегі жұбайы ұсталды. Бұл туралы КТК телеарнасы жеткізді.
Қайғылы оқиға Атыраудағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Көршілердің айтуынша, сол күні пәтерден ешқандай айқай мен шу естілмеген.
Кешкі уақытта 16 жастағы қызы үйге келгенде анасын қанға боялған күйде тауып, ал жанында үш жасар қарындасының ұйықтап жатқанын көрген.
Марқұмның анасы Фатима Шмирова немерелерінің ауыр психологиялық күйде екенін айтты. Оның сөзінше, үш жасар қыз кейін әкесінің анасын пышақтағанын айтып берген. Бүлдіршін болған оқиғаны полиция қызметкерлеріне де баяндаған.
Тергеу мәліметінше, негізгі күдікті – 38 жастағы ер адам. Ол марқұммен алты жыл азаматтық некеде тұрған. Әйелдің алғашқы некесінен екі ересек қызы болса, кіші екі қызы анасымен бірге тұрған. Марқұм шағын дүкен иесі болған.
Марқұмның жақындары қылмыстың себебін түсіне алмай отырғандарын айтады. Олардың мәліметінше, әйелдің денесінен көптеген пышақ жарақаты анықталған.
Сондай-ақ туыстары күдіктінің бұған дейін де жиі жанжал шығарып жүргенін, әйел бірнеше рет полицияның көмегіне жүгінгенін мәлімдеді. Алайда олардың айтуынша, ер адам кейін қайта оралып, жанжал жалғаса берген.
Атырау облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулеттің хабарлауынша, әйелді өлтірді деген күдікпен оның азаматтық некедегі 38 жастағы жұбайы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Марқұмның жақындары енді екі қыздың тәрбиесін өз мойындарына алатынын айтты. Олардың сөзінше, ең алдымен үш жасар бүлдіршін мен 16 жастағы әпкесіне психологиялық қолдау көрсетіледі.
Материал авторы