Астанада TikTok пен Threads арқылы ақша жинаған алаяқтың әрекеті әшкереленді
Тергеу мәліметінше, жалпы шығын 35 миллион теңгеге жеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада инвестициялық жобаларға қаржы салуды ұсынып, азаматтарды алдады деген күдікпен 32 жастағы ер адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, оның әрекетінен келген шығын шамамен 35 миллион теңгеніқұрайды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Тергеу мәліметінше, күдікті TikTok және Threads әлеуметтік желілерінде жоғары табыс әкелетін инвестициялық жобаларды жарнамалаған.
Қызығушылық танытқан азаматтармен бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп, олардың сеніміне кірген. Ол ресми жұмыс істейтінін көрсетіп, нотариус арқылы куәландырылған келісімшарттар да жасаған. Сондай-ақ салынған қаражатты қысқа мерзімде қомақты пайдамен қайтаратынына уәде берген.
Осы уәделерге сенген азаматтар оған ірі көлемде ақша аударған. Алайда күдікті өз міндеттемелерін орындамай, түскен қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.
Қазіргі уақытта 11 жәбірленуші анықталды. Тергеушілердің есебінше, келтірілген жалпы шығын көлемі 35 миллион теңгеге жуық.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның барлық мән-жайын және күдіктінің өзге де қылмыстық әрекеттерге қатысы бар-жоғын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырып, кепілдендірілген жоғары табыс туралы уәделерге сене бермеуге кеңес берді. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қаржы салмас бұрын инвестициялық жобалар туралы ақпаратты мұқият тексеріп, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға үндеді.
Материал авторы