Блогер Instagram-дағы видеосы үшін қамауға алынды
Полиция әлеуметтік желілерді бақылау кезінде заңға қайшы бейнежазбаны анықтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана тұрғыны Instagram желісінде балағат сөздер айтылған бейнежазбаны жариялағаны үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Заң бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
Қазақстан ІІМ-нің Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, ер адам қоғамдық орында бейнеролик түсіріп, онда былапыт сөздер қолданған. Кейін ол бұл жазбаны Instagram парақшасына жүктеп, көпшілікке қолжетімді еткен.
Полиция әлеуметтік желілерді бақылау кезінде заңға қайшы мазмұндағы видеоны анықтап, оның авторының жеке басын қысқа уақыт ішінде белгіледі.
Тексеру барысында бейнежазбаны жариялаған адамның 26 жастағы Балташ Шыңғысхан екені анықталған.
Құқық бұзушылық фактісі бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен астаналыққа бес тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Полиция әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізілетінін еске салып, азаматтарды қоғамдық орындарда да, интернет кеңістігінде де қоғамдық тәртіп пен әдеп нормаларын сақтауға шақырды.
Материал авторы