3285

Бруклин көпірінен секірген жалаңаш ер адам Қазақстандағы саясатқа қарсы белсенді болып шықты

Көршісінің айтуынша, ер адам соңғы уақытта өміріне көңілі толмай жүргенін жиі айтқан.

Бруклин көпірінен секірген жалаңаш ер адам Қазақстандағы саясатқа қарсы белсенді болып шықты
nypost.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Нью-Йорктегі Бруклин көпіріне Қазақстанның туын орнатып, кейін Ист-Риверге секірген 44 жастағы ер адамның Қазақстандағы билікке қарсы көзқарастағы белсенді екені белгілі болды. Ол бұл әрекетін туған күнінде жасайтынын алдын ала айтып жүрген. Бұл туралы New York Post басылымы жазды.

Басылымның мәліметінше, ер адамның аты Ғалымжан Абайлдаев. Оның бірге тұратын көршісі Джош Карадағтың айтуынша, Абайлдаев көпірден секіретінін бірнеше рет айтқан.

«Ол маған "көпірден секіремін" деді. Кеше туған күні еді және сол айтқанын орындады», – дейді көршісі.

Оның айтуынша, Абайлдаев жақында дәл осы көпірден секірген екі адамның оқиғасынан кейін осындай әрекетке бел буған.

2 тамыз күні ер адам Бруклин көпірінің Манхэттен жағындағы мұнарасына көтеріліп, бірнеше туды, оның ішінде Қазақстанның мемлекеттік туын орнатқан. Кейін киімін шешіп, шамамен 85 метр биіктіктен Ист-Риверге секірген.

Оны Нью-Йорк полициясының порттық бөлімшесінің қызметкерлері судан аман алып шығып, ауруханаға жеткізді.

Қазіргі уақытта оған қоғамдық қауіп төндіру, заңсыз кіру, қоғамдық орында әдепсіз әрекет жасау, қоғамдық тәртіпті бұзу және граффити жасау сияқты бірнеше айып тағылған. Сот отырысының нақты күні әзірге белгіленген жоқ.

Көршісінің сөзінше, Абайлдаев Қазақстандағы саяси мәселелерге қатты алаңдап жүрген.

«Мен оған "Қазақстанда бірдеңені өзгерте алмайсың, өз өміріңді сүр" деп айтатынмын. Бірақ саясат оны қатты мазалайтын», – дейді ол.

Сондай-ақ көршісі ер адамның соңғы уақытта өміріне көңілі толмай жүргенін және өз әрекетінен бас тартуға көндіру мүмкін болмағанын жеткізген.

Абайлдаевтың әлеуметтік желілерде велосипедпен Нью-Йоркті аралаған видеолары жарияланып тұрғаны да айтылды.

Оқиғаның нақты себептері әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.

Материал авторы