1141

ҚМДБ тойдағы даулы уағызға қатысты ресми мәлімдеме жасады

Муфтият өнер адамдары мен әйелдерді қорлайтын сөздердің ислам қағидаларына қатысы туралы түсіндірді.

ҚМДБ тойдағы даулы уағызға қатысты ресми мәлімдеме жасады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде той үстінде ер адамның музыка, өнер адамдары мен әйелдерге қатысты айтқан пікірлері қызу талқыланғаннан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) ресми мәлімдеме жасады.

ҚМДБ дінге қатысты пікір айту үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Мүфтияттың мәлімдеуінше, ислам адамдарды даналықпен насихаттауға, өзгені қорламауға және әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге үндейді.

Мәлімдемеде өнер саласының өкілдерін жаппай айыптауға немесе оларды кемсітетін сипаттамалар беруге болмайтыны ерекше айтылды.

«Өнер өкілдерін жаппай айыптау немесе оларды кемсітетін сипаттама беру – дұрыс емес. Сондай-ақ аналарға, қыз-келіншектер мен әйелдерге тіл тигізетін сөздерді қолдану – өрескел қателік», – делінген ҚМДБ хабарламасында.

Мүфтият исламда арсыздықты, азғындықты және шариғат тыйым салған әрекеттерді насихаттайтын әндер құпталмайтынын түсіндірді.

Сонымен қатар Отанды қорғауға, ата-ананы құрметтеуге, адамгершілікке және ізгі істерге үндейтін әндердің ислам ғалымдарының пікірінше рұқсат етілетіні айтылды.

ҚМДБ азаматтарды діни мәселелер бойынша тек ресми әрі білікті теологтардың түсіндірмесіне жүгінуге шақырып, әрбір адамды сөзіне жауапкершілікпен қарауға үндеді.

Сондай-ақ қоғамдағы татулықты, өзара сыйластықты және бірлікті сақтау баршаға ортақ міндет екені атап өтілді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор