1211

Семейдегі стадионнан табылған сүйектер сегіз жыл бұрын жоғалған күзетшіге тиесілі болуы мүмкін

Сегіз жыл бұрын із-түзсіз жоғалған күзетшінің қызы әкесінің тағдырынан үміт күтеді.

Семейдегі стадионнан табылған сүйектер сегіз жыл бұрын жоғалған күзетшіге тиесілі болуы мүмкін
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейдегі бұрынғы «Пищевик» стадионы аумағынан табылған адам сүйектеріне қатысты оқиға жаңа бағыт алды. Осыдан сегіз жыл бұрын дәл осы жерде із-түзсіз жоғалған күзетшінің қызы табылған сүйектер әкесіне тиесілі болуы мүмкін деп есептейді. Бұл туралы Almaty.tv телеарнасы жеткізді.

Еске салсақ, бұрынғы «Пищевик» стадионының орнына салынып жатқан Жекпе-жек сарайының құрылыс жұмыстары кезінде жұмысшылар адам сүйектерінің бөліктерін тапқан болатын.

Осыдан кейін семейлік Меруерт Нұриденова бұл сүйектер сегіз жыл бұрын жоғалған әкесіне тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтты.

Оның сөзінше, әкесі сол кезде стадионда күзетші болып жұмыс істеген. Бір жұмыс ауысымынан кейін үйіне оралмаған ер адам содан бері хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Табылған сүйектер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысы алдағы бірнеше ай ішінде дайын болады деп күтілуде. Осы уақыт аралығында құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылған.

«Бұл жерден адам сүйектері табылғанын естігенде бірден күмәндандық. Өйткені дәл осы жерде әкем жоғалып кеткен еді. Енді сараптама нәтижесін күтіп отырмыз. Бізге бір-екі айдан кейін хабарласуды айтты. Ең бастысы – шындықты білгіміз келеді. Әкемнің қабіріне барып, зиярат ететін мүмкіндік болса екен», – деді Меруерт Нұриденова.

Қазір мамандар сүйектердің кімге тиесілі екенін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сараптама нәтижесі сегіз жылдан бері шешілмей келе жатқан жұмбақтың жауабын беруі мүмкін. 

Материал авторы