1733

«Сасық қазақтар»: ресейлік танымал блогер қазақтарды қорлап, Қазақстанды жек көретінін мәлімдеді (ВИДЕО)

Әлеуметтік желіде тараған видео қазақстандықтардың ашуын туғызып, блогер қызын жауапқа тарту талаптары күшейді.

«Сасық қазақтар»: ресейлік танымал блогер қазақтарды қорлап, Қазақстанды жек көретінін мәлімдеді (ВИДЕО)
instagram.com/whatkayawants

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде танымал ресейлік блогер Парадеевичтің сүйіктісі Каяның видеосы қызу талқыланып жатыр. Онда бойжеткен Қазақстан мен қазақ халқына қатысты қорлайтын әрі кемсітетін сөздер айтқан. Бұл туралы NewTimes.kz басылымы жазды.

Желіде тараған видеода Кая Қазақстанның атауын әдейі бұрмалап айтып, қазақтарды қорлайтын мәлімдемелер жасайды.

«Мен Қазақстанды ресми түрде жек көремін әрі менсінбеймін. Орыс тілін түсінбейтін сасық қазақтардың бәріне бойкот жариялаймын», – дейді ол видеода.

Материал жарияланған сәтте аталған жазба оның әлеуметтік желідегі парақшаларынан өшірілген. Соған қарамастан бейнежазбаның үзінділері қазақстандық қолданушылар арасында кең тарап үлгерді.

Threads әлеуметтік желісінде көпшілік блогер қызын жауапкершілікке тартуды және оның әрекетін айыптауды талап етіп жатыр.

Парадеевич – Twitch платформасындағы тікелей эфирлері арқылы танылған ресейлік стример әрі блогер. Ол «Хазяева» жобасының қатысушысы ретінде де белгілі. YouTube арнасында шамамен 2,7 миллион жазылушысы бар.

Ал оның сүйіктісі Каяның Instagram парақшасына 199 мыңға жуық адам тіркелген. Telegram арнасын 201 мыңнан астам қолданушы оқиды.

Материал авторы