Нұртас Адамбай АҚШ-қа не үшін көшкенін ашық айтты
Режиссер Қазақстандағы сын-пікірлерге жауап беріп, өз ұстанымында қайшылық жоқ екенін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, режиссер, актер әрі продюсер Нұртас Адамбай АҚШ-қа көшуінің себептері, жаңа өмірі және қоғам тарапынан айтылған сынға көзқарасы туралы алғаш рет кеңінен әңгімеледі.
«Келинка Сабина» комедиясының авторы «Кино Солидарность» подкастына берген сұхбатында мұхиттың арғы бетіне қоныс аудару, шығармашылық бағытын өзгерту және жаңа жоспарлары жөнінде айтып берді.
Режиссердің сөзінше, Америкада өмір сүріп, Голливудта еңбек ету – оның бала күнгі арманы болған. Бастапқыда бұл сапар уақытша жоспарланғанымен, кейіннен отбасы АҚШ-та ұзақ мерзімге қалу туралы шешім қабылдаған.
«Кез келген арманға сеніп, соған ұмтылсаң, оны жүзеге асыруға болады», – деді Нұртас Адамбай.
Қазір ол АҚШ-та кино өндірісіндегі жаңа технологияларды меңгеруге ден қойып жүр. Атап айтқанда, жасанды интеллект көмегімен фильм түсіру бағытында білім алып, заманауи тәсілдерді зерттеп жатқанын айтты.
Сұхбат барысында режиссердің Қазақстаннан көшуіне байланысты қоғамда туған пікірталастар да қозғалды. Кейбір қолданушылар оның бұрын дәстүрлі құндылықтарды қорғап сөйлеген мәлімдемелері мен АҚШ-қа қоныс аударуын өзара қайшылық деп бағалаған.
Алайда Нұртас Адамбай мұндай пікірмен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, әр адамның өз таңдауын жасауға құқығы бар. Сондай-ақ ол АҚШ-та бұрын Қазақстанда сынға алған құбылыстарға байланысты ешқандай қысым немесе насихатқа тап болмағанын айтты.
Материал авторы