1081

Алматыда жерде жатқан ер адамдарды аяусыз тепкілегендердің бәрі жауапқа тартылды

Бейнежазбада бірнеше жігіттің жерде жатқан екі ер адамды қолымен де, аяғымен де ұрып жатқан сәті көрінеді.

Алматыда жерде жатқан ер адамдарды аяусыз тепкілегендердің бәрі жауапқа тартылды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында болған қатыгез төбелестің видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Оқиғадан кейін полиция жанжалға қатысқан барлық азаматты анықтап, жауапкершілікке тартты. 

Бейнежазбаны полиция әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықтаған. Кадрларда бірнеше жігіттің жерде жатқан екі ер адамды қолымен және аяғымен соққыға жығып жатқанын көруге болады. Зардап шеккендердің бірі басынан соққы алғаннан кейін есінен танып қалады.

Полицияның мәліметінше, оқиға 4 тамыз күні сағат 03:50 шамасында Түрксіб ауданындағы «Теремки» тұрғын үй кешенінің ауласында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, өзара таныс бес ер адамның арасында ауызша жанжал туындап, ол кейін төбелеске ұласқан.

Алматы қалалық полиция департаменті жүргізілген тексеру нәтижесінде оқиғаға қатысқан барлық адамның анықталғанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, олардың екеуі қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін айыппұл арқалаған. Сонымен қатар бес азаматтың барлығына ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материалдар рәсімделіп, іс сотқа жолданған. Енді олардың әрекетіне құқықтық бағаны сот береді.

 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор