1033

Жаңбыр суына шомылған астаналықтар темір тордан бір-ақ шықты

Мас күйдегі азаматтардың балаларға жаңбыр суын шашқаны анықталып, іс сотқа жолданды.

Жаңбыр суына шомылған астаналықтар темір тордан бір-ақ шықты
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада әлеуметтік желіде кең тараған видеодан кейін екі ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Онда жаңбырдан кейінгі шалшыққа жатқан екі адамның әрекетін үшінші адамның сырттай бақылап тұрғаны бейнеленген. Видеоға авторлар «Кредитсіз, ипотекасыз және жалдамалы пәтерсіз өмір» деген мысқылды жазба қалдырған.

Сарыарқа аудандық полиция басқармасының мәліметінше, жарияланған бейнежазбаға байланысты тексеру жүргізілген.

Тексеру барысында тұрғын үй ауласында мас күйде болған екі ер адамның жаңбыр суын сол маңда ойнап жүрген балаларға қарай шашқаны анықталған.

Осыған байланысты аталған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімі шыққанға дейін уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.

Қазіргі уақытта жиналған материалдар Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотына жолданған. Енді құқық бұзушыларға қандай жаза қолданылатынын сот айқындайды. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор