1171

«Музыканы өшіріңіз»: InDrive жүргізушісі мен жолаушының арасында жанжал шықты

Отадан кейін өзін жайсыз сезінген әйел музыканы бірнеше рет өшіруді сұрағанымен, жүргізуші оның өтінішін орындамаған.

«Музыканы өшіріңіз»: InDrive жүргізушісі мен жолаушының арасында жанжал шықты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада InDrive жүргізушісі мен жолаушы арасында болған жанжал әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Отадан кейін басы қатты ауырғанын айтқан әйел жүргізушіден музыканы өшіруді бірнеше рет сұрағанымен, өтініші орындалмаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy басылымы жазды.

Желіде тараған видеода жолаушы жүргізушіден музыканың дауысын бәсеңдетуді немесе мүлде өшіруді өтінеді.

– «Мен отадан кейін келемін. Басым қатты ауырып тұр. Музыканы өшіріңізші. Бұл музыка басымды ауыртып жатыр. Өтінемін, өшіріңіз», – дейді әйел.

Алайда жүргізуші мұндай өтінішті сапар басталған сәтте айту керек болғанын айтып, жолдың ортасында орындаудан бас тартқан.

Өз кезегінде жолаушы жол үстінде жағдайы нашарлап кеткенін, бас ауруына қарсы ішкен дәрінің әсері қайтып, ауырсыну күшейгенін жеткізген. Оның айтуынша, осы себепті жүргізушіден музыканы бірнеше мәрте өшіруді сұрауға мәжбүр болған.

Видео авторы жарияланым сипаттамасында жүргізушінің өзін әдейі ашуландырып, агрессия танытқанын жазған.

«InDrive Астана, бұл қалыпты жағдай ма? Мен көптеген өтініштен кейін ғана видеоға түсіре бастадым. Өзімді өте нашар сезіндім. Клиент жай ғана тыныштықта отырғысы келсе де болмай ма? Жүргізуші агрессивті болды, әдейі эмоцияға итермеледі», – деп жазды ол.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды. Кейбір қолданушылар өздерінің де такси жүргізушілерімен осыған ұқсас келеңсіз жағдайларға тап болғанын айтты.

Пікір қалдырғандардың бірі жүргізуші музыканы өшіруден бас тартып қана қоймай, көліктен түсіп кетуді талап еткенін айтып, кейін қызметтің қолдау қызметіне шағымданғанын жеткізді.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор