Ақтауда әйел адамды шашынан сүйреп, жерге құлатып ұрғаны үшін жазаланды
Мас күйінде төбелес шығарған ақтаулық әйелге сот үкімі шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтау қаласында жанжал кезінде басқа әйелді ұрып-соққан тұрғын сот алдында жауап берді. Сот шешімімен оған 40 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Бұл туралы Маңғыстау облысы соттарының ресми Telegram-арнасы жазды.
Сот мәліметінше, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 1-бөлігі («Денсаулыққа жеңіл зиян келтірмей, физикалық ауырсыну тудырған ұрып-соғу») бойынша қаралған.
Тергеу барысында анықталғандай, әйел мас күйінде жанжал кезінде жәбірленушінің шашынан ұстап, оны жерге құлатқан. Кейін оның беті мен басынан бірнеше рет ұрып, физикалық ауырсыну келтірген.
Айыпталушының кінәсі өзінің берген түсініктемелерімен және іс материалдары бойынша жиналған өзге де дәлелдермен толық расталған.
Сот отырысында жәбірленуші заң талаптарына сәйкес жаза тағайындауды сұраған. Ал қорғаушы тарап айыпталушының кінәсін мойындағанын және оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, жеңіл жаза тағайындауды өтінген.
Сот жаза белгілеу кезінде әйелдің кінәсін толық мойындауын, шын өкінуін және кәмелетке толмаған балалары бар екенін жеңілдететін жағдай ретінде қабылдады.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтың мас күйінде жасалуы жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде бағаланды.
Сот үкімімен әйел Қылмыстық кодекстің аталған бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 40 сағат қоғамдық жұмыс орындау жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген.
Материал авторы