1745

Атырауда ер адам 12 жастағы мектеп оқушысын күштеп сүймек болған

Мектеп оқушысы күдіктінің қолынан қашып құтылып, кейін ата-анасы полицияға арызданған.

Атырауда ер адам 12 жастағы мектеп оқушысын күштеп сүймек болған
КТК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда 12 жастағы мектеп оқушысына жасалған шабуылдан кейін полиция күдіктіні іздестіріп жатыр. Ата-анасының айтуынша, бейтаныс ер адам қыздан өзіне алкоголь сатып әкелуді талап етіп, кейін оны күштеп сүймек болған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Оқиға жексенбі күні кешкі сағат 22:00 шамасында болған. Мектеп оқушысы ойын алаңынан үйіне қайтып келе жатқан кезде оған бейтаныс ер адам жолыққан.

Қыздың анасының сөзінше, ер адам өзін агрессивті ұстап, айғайлап, баланы қорқыта бастаған. Алдымен ол қыздан өзіне алкоголь сатып алып келуді талап еткен.

Мектеп оқушысы дүкенге бірге баруға келіскен. Оның мақсаты – сонда барып, ересектерден көмек сұрау болған. Алайда жолда күдікті қыздан өзін ернінен сүюді талап етіп, оны күштеп өзіне тарта бастаған.

Сол сәтте қыз батылдық танытып, ер адамның шашынан тартып қалған. Соның арқасында күдіктінің қолы босап, мектеп оқушысы қашып құтылған.

Оқиғадан кейін ата-анасы бейнебақылау камераларындағы жазбаларды алып, полицияға арыз түсірген. Отбасының айтуынша, осы жағдайдан кейін қыздың психологиялық күйі нашарлап, үйден жалғыз шығуға қорқатын болған.

Атырау облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта күдіктінің жеке басын анықтау және оны ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор