1971

Атырауда ер адам әйелін көпшілік алдында ұрып-соқты

Жәбірленуші арыздан бас тартқанымен, құқық бұзушыға қатысты заң аясында шара қолданылды.

Атырауда ер адам әйелін көпшілік алдында ұрып-соқты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде Атыраудағы тұрғын үй аулаларының бірінде әйелдің соққыға жығылған сәті түсірілген бейнежазба тарады. Оқиғаға қатысты Атырау облыстық полиция департаменті түсініктеме берді.

Желіде жарияланған кадрларда ер адамның орындықта отырған әйелге жақындап келіп, оның бетінен ұрғаны көрінеді. Әйел орнынан тұрған сәтте ер адам оның басынан тағы да жұдырықпен соққы жасаған.

Полицияның мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 6 тамызда Атырау қаласының Нұрсая шағынауданындағы тұрғын үй аулаларының бірінде болған.

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жанжалға қатысушыларды анықтаған. Тексеру барысында 1993 жылы туған ер адамның заңды некедегі жұбайы – 1995 жылы туған әйелді ұрып-соққаны белгілі болған.

Жәбірленуші күйеуіне қатысты ешқандай талап-арыз қоймайтынын мәлімдегеніне қарамастан, құқық қорғау органдары ер адамға қорғаныс нұсқамасын шығарды.

Сонымен қатар оған тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеудің болмауына байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор