Алматыда блогер христиан қызға ақша беріп, хиджаб кигізген
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекетті діни киімді насихаттау деп бағалады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы көшесінде түсірілген видео әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Видеода блогер бразилиялық және неміс ұлтының өкілі екенін айтқан, өзін христианмын деп таныстырған қызға сыйлық үшін хиджаб киіп көруді ұсынады. Бұл туралы NewTimes.kz басылымы жазды.
Қыз ұсынысқа келісіп, мұсылман киімін киіп көреді. Кейін оған 3 мың теңге мен бір бөтелке қымыз табысталған.
Видео жарияланғаннан кейін желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді.
Бір топ қолданушы жаңа образ қызға жарасатынын айтып, хиджабпен келбеті әдемірек көрінетінін жазған. Кейбірі «хиджабпен жақсырақ» деген пікір қалдырған.
Ал енді бірі бұл әрекетті діни киімді жанама түрде насихаттау деп бағалады. Пікір жазғандар мұны «жұмсақ күштің көрінісі» және «хиджаб жарнамасы» деп атап, егер дәл осындай ұсыныс хиджабтағы мұсылман қызға жасалса, қоғамның реакциясы қандай болатынын сұраққа тартты.
Тағы бір топ қолданушы хиджабты ойын немесе челлендж элементіне айналдыру дұрыс емес екенін айтты. Олардың пікірінше, мұндай киімді тағу саналы шешім болуы тиіс.
Сонымен қатар кейбір пікір қалдырушылар қызға хиджабтың орнына қазақтың ұлттық киімін киіп көру ұсынылса әлдеқайда орынды болар еді деген ойын білдірді. Олар ұлттық көйлек, ою-өрнек пен дәстүрлі әшекейлердің де көрнекі әрі тартымды болатынын атап өтті.
Пікір білдірушілердің бірі бұл әрекетті діни киімді таңуға ұқсата отырып, құқық қорғау органдарының назар аударуын сұрады.
Соған қарамастан, талқылауға қатысқан көптеген қолданушы адамның қандай киім киетінін өзі ғана таңдауы керек, бұл таңдауға діні, сыйлық немесе өзгелердің пікірі әсер етпеуі тиіс деген ортақ ұстанымды қолдады.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтарға қоғамдық орындарда бетті толық жабатын киім киюге қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізілгені ескертілген болатын. Алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту жасалса, бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (2026 жылы – 43 250 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Материал авторы