2058

«Шал» фильмінің жұлдызы Ерболат Тоғызақов баспана мәселесі туралы ашық айтты

Пәтерім болса, өмірімнің соңына дейін жалғыз қалмас едім дейді актер.

«Шал» фильмінің жұлдызы Ерболат Тоғызақов баспана мәселесі туралы ашық айтты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Шал» фильміндегі басты рөлімен танылған актер Ерболат Тоғызақов жеке өмірі, баспана мәселесі және болашаққа қатысты армандары туралы ой бөлісті.

Актер «Уақыт көрсетеді» YouTube арнасына берген сұхбатында қазір бұрынғыдай үйлену туралы көп ойламайтынын айтты. Дегенмен өмірінің соңына дейін жалғыз қалуды да қаламайтынын жасырмады.

«Қазір үйлену туралы ойым басылып қалды. Кейбіреулер "әлі жассың ғой, біреуін алмайсың ба?" дейді. Бірақ оған да үйрену керек. Қазір інімнің қызымен бірге тұрамын. Ол маған немере сияқты. Олар менің отбасым. Немереме де, күйеу балама да ризамын. Маған өз әкелеріндей қарайды», – деді актер.

Ерболат Тоғызақов көптен бергі ең үлкен армандарының бірі – өз баспанасына ие болу екенін айтты. Оның сөзінше, үйі болса, туған-туыстары мен немерелерін жиі жинап, бір шаңырақтың астында бас қосуды қалайды.

«Өз үйім болса деген арманым бар. Сол кезде бүкіл немерелерімді, туыстарымды жинағым келер еді», – деді ол.

Өнер иесі мемлекет тарапынан мәдениет саласы қызметкерлеріне пәтер беріліп жатқанын құптайтынын жеткізді. Алайда өзінің қазіргі қаржылық жағдайымен баспана сатып алу мүмкін емес екенін айтты.

«Биыл Президентіміз өнер саласының қызметкерлеріне пәтер берді. Бұған өте ризамын. Бұл – керемет бастама. Бірақ қазір менің оған шамам жетпейді. Зейнетақыма пәтер ала алмаймын», – деді Ерболат Тоғызақов.

Сондай-ақ актер жастық шағында отбасының да баспана қиындығын бастан өткергенін еске алды. Оның айтуынша, Сібірден көшіп келгеннен кейін отбасы біраз уақыт ескі жалдамалы үйде тұрған. Кейін әкесі үш бөлмелі пәтер сатып алған.

Ерболат Тоғызақов баспананың жоқтығы жеке өміріне де ықпал еткенін айтты.

«Өз пәтерім болмаса, біреуді қалай алып келіп, үйленемін? Біреудің үйінде қалай тұрамыз? Үйленбей жүргенімнің бір себебі де осы. Егер баспанам болса, өмірімнің соңына дейін жалғыз қалғым келмейді. Ойымда жүрген адам бар», – деді актер.

 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор