Мьянмадағы құлдықтан құтылған қыз БАӘ-де жоғалып кетті
Қыз жоғалар алдында анасына психиатриялық ауруханада жатқанын айтып қысқа видео жіберген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мьянмада шамамен жарты жыл адам саудасы орталығында болған ресейлік Дарья бірнеше айдан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінде жоғалып кетті. Қыз биыл көктемде Мьянмадан босатылып, Ресейге оралған. Алайда кейін БАӘ-ге барған ол 1 тамызда Дубайдан Шарджаға жол тартқаннан кейін байланысқа шықпаған. Бұл туралы Mash Telegram-арнасы жазды.
Дарья жоғалар алдында анасына психиатриялық ауруханада жатқанын айтқан үш секундтық видео жіберген. Осыдан кейін ол әлеуметтік желілерде анасын бұғаттап тастаған.
Қыздың анасының айтуынша, Дарьяға психикалық бұзылыс диагнозы қойылған. Сондықтан ол өзін басқа есіммен таныстырып, өзі туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат айтуы мүмкін.
Дарья бұған дейін шетелде модель әрі аудармашы болып жұмыс істеу туралы хабарландыруға жауап беріп, Мьянмаға барған. Алайда ол Янгон маңындағы алаяқтық орталығына тап болған. Қыздың айтуынша, онда адамдарды ұрып-соғып, электр тоғымен азаптаған және оқшаулап ұстаған.
Кейін жергілікті күзетшілердің бірі оған қашып шығуға көмектескен. Басылым мәліметінше, күзші қызға ғашық болған.
Бостандыққа шыққаннан кейін Дарья Бангкоктағы адам саудасы құрбандарын анықтау орталығында болған. Кейін Ресейге қайтып барған.
Арада бірнеше ай өткен соң қыз БАӘ-ге кеткен. Оның жоғалып кеткенін білген анасы Ресей консулдығына жүгінген.
Әйел Дарья психиатриялық ауруханадан шыққан жағдайда БАӘ-ден депортациялануы мүмкін деп алаңдап отыр. Қазіргі уақытта оның нақты қайда екені белгісіз.
Материал авторы