Тоқаев Абай күнімен құттықтап, ақын мұрасының бүгінгі Қазақстан үшін маңызын атады
Тоқаев биылғы Абай күні Қазақстандағы саяси және қоғамдық өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы ұлттық әрі әлемдік мәдениеттің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Абайдың ілімі қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ұлы ақын халықты білімге, еңбекке, жауапкершілікке ұмтылуға шақырып, бейқамдық пен жалқаулықтан арылуға үндеді. Оның «Толық адам» тұжырымдамасы азаматтың рухани кемелденуін көздейтін терең идея ретінде бағаланды.
Тоқаев биылғы Абай күні елдегі ауқымды өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды.
«Бұл – шын мәнінде, ұзақ мерзімге арналған даму бағдарымызды айқындайтын ерекше кезең», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың түпкі мақсаты азаматтардың санасына жасампаздық құндылықтарын сіңіріп, елдің жаңа қарқынмен дамуына жол ашу екенін айтты. Оның пікірінше, қоғамда жаңа этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік құндылықтарды дәріптеу ісінде Абай мұрасының маңызы зор.
Мемлекет басшысы Абайдың қара сөздеріндегі тағылым қазіргі Қазақстанның негізгі құндылықтарымен үндесетінін атап өтті. Атап айтқанда, «Адал Азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» идеялары ұлы ақын армандаған берекелі қоғам қағидаттарымен сабақтас екенін жеткізді.
«Сондықтан, біз Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Абайдың мол мұрасы келешекте де жас ұрпақты отаншылдыққа, туған елге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуде маңызды рухани негіз болатынына сенім білдірді.
«Баршаңызға амандық және табыс тілеймін! Абай күні құтты болсын!» – деді Мемлекет басшысы.
Материал авторы