Ақмола облысында әйелді өз пәтерінде пышақтап кетті
Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен көршісі ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында әйел өз пәтерінде бірнеше пышақ жарақатын алып, ауыр жағдайда табылды. Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен әйел адам ұсталды. Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желідегі Nayza Kokshe парақшасында жарияланған. Ондағы мәліметке сәйкес, полицейлер зардап шеккен әйелге жету үшін пәтердің есігін бұзуға мәжбүр болған.
Әйел ес-түссіз жатқан. Ол бірнеше пышақ жарақатын алғаны айтылды.
Әлеуметтік желідегі жарияланымда шабуыл жасаған адам көршісі болуы мүмкін екені көрсетілген. Сондай-ақ күдікті оқиғадан кейін пәтердің есігін сыртынан жауып, пышақты өзімен бірге алып кеткені жазылған. Алайда бұл мәліметтер әзірге тергеу барысында тексеріліп жатыр.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Тергеу барысында оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталмақ.
Материал авторы