«Мүлде саясаткер істейтін нәрсе емес»: Бекболат Тілеухан Назарбаевпен болған түсініспеушілігін еске алды
Тілеухан өзіне Назарбаевтың бірнеше рет түсіністік танытқанын еске алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік кезеңіне қатысты бірқатар естелігін бөлісті. Ол сол кездегі саяси орта, партия атауының өзгеруі және бұрынғы президентпен арадағы түсініспеушіліктер туралы айтты.
Бекболат Тілеуханның сөзінше, «Отан» партиясының атауына «Нұр» сөзінің қосылуы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасы болмаған. Оның пайымынша, мұндай өзгеріске президенттің айналасындағы жағымпаз адамдар себеп болған.
Бұрынғы депутат бұл шешімге қарсылық танытқанын және оның ұстанымы Назарбаевқа да жеткенін айтты.
«Назарбаев менің көп нәрсемді кешірді. Сол кезде «Оян, Намыстың» ісінің бәрі біздің жүргізіп жатқан саясатқа қайшы болды. Бірақ неге кешіргенін білмеймін. Арамдық пен мансап үшін емес, шын жүрекпен жасап жүргенімді білді-ау», – деді Тілеухан.
Ол сұхбат барысында 2008 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында болған оқиғаны да еске алды. Тілеухан сол кездегі әрекетіне қазір де өкініп, оны саясаткерге жараспайтын қылық деп бағалады.
Оның айтуынша, жиында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тіліне қатысты сөз сөйлеген. Президенттің орыс тілінің кенжелеп қалғаны туралы пікіріне наразылық білдіргісі келген Тілеухан орнынан тұрып, жиыннан шығып кеткен.
«Ойбай-ай! Әлі ұяламын. Ұят! Негізі, сол дұрыс болған жоқ деп ойлаймын. Мүлде саясаткер істейтін нәрсе емес. Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ тіліне байланысты бір сөз сөйледі. Сол кезде наразылығымды білдірейін дедім де, тұрып, аяғымды тарп-тарп басып, кетіп қалдым. Назарбаев көрді. Соны да кешірді», – деп еске алды ол.
Бұрынғы депутаттың айтуынша, саяси көзқарастарындағы қайшылықтарға қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев оның кейбір әрекеттеріне түсіністікпен қараған.
«Негізі, мейірімді адам еді», – деді Бекболат Тілеухан.
Материал авторы