1171

Тәжіғали Елеуов жылқышысына неге тек 150 мың теңге айлық төлегенін айтты

Шаруа қожалығының иесі жылқышысының 20 ірі қарасы барын жеткізді.

Тәжіғали Елеуов жылқышысына неге тек 150 мың теңге айлық төлегенін айтты
Руслан Өтепбай YouTube арнасы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде жылқышы Рахат Сәрсеновтің еңбек жағдайы мен жалақысына қатысты дау әлі де басылған жоқ. Қоғам талқысына түскен жағдайға шаруа қожалығының иесі Тәжіғали Елеуов тағы да түсініктеме берді.

Кәсіпкер әлеуметтік желіде тараған пікірлерге жауап беріп, жұмысшысына төленетін 150 мың теңге жалақының себебін түсіндірді.

Тәжіғали Елеуовтің айтуынша, Рахат Сәрсеновтің өзіне тиесілі 20 ірі қара малы бар. Олар қожалықтың малына қосылып жайылады. Ал малдың жем-шөбі мен бағылуына байланысты шығындарды кәсіпкер өз мойнына алған.

«150 мың айлық па деп жатыр. Оның 20 ірі қара малы бар. Олардың жем-шөбі менің мойнымда. 20 малы менің малыммен бірге жайылады. Малшының ақысын да өзім төлеймін. Бұған дейін айлығымызды көтеруді сұраған. Кейін жем-шөптің ақысын өздерің төлеңдер дедім. Олар осы айлыққа өмір сүре беретінін айтты», – деді Тәжіғали Елеуов.

Кәсіпкер бұған дейін де Рахат Сәрсеновтің жағдайына қатысты пікір білдірген. Оның сөзінше, әлеуметтік желіде тараған мәліметтердің бір бөлігі жағдайды біржақты көрсетіп, оқиғаның толық мән-жайын қамтымаған.

Қазір жылқышының еңбек жағдайы, алатын жалақысы және жұмыс беруші тарапынан жасалған жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор