962

Құрдастары пышақтап кеткен 12 жастағы баланың өліміне қатысты істің мән-жайы айтылды

Полиция қылмыстық іс бойынша сараптамалар әлі жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Құрдастары пышақтап кеткен 12 жастағы баланың өліміне қатысты істің мән-жайы айтылды
threads.com/@017aimv

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда 12 жастағы Абылайхан Ержанұлының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ. Қазір іс қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасында қаралып жатыр. Бұл туралы Kazinform басылымы жазды.

Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек істің тергеу кезеңінде екенін айтты. Оның сөзінше, күдікті оқиғадан кейін бірден ұсталған.

Қазір қылмыстық іс аясында бірқатар тергеу әрекеті мен сараптама жүргізіліп жатыр. Полиция тергеудің толық, жан-жақты және объективті жүргізілуін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жалғасып жатқанын мәлімдеді.

«Досудық тергеу барысында бірқатар сараптамалық зерттеу жүргізіліп жатыр, оған да уақыт қажет. Барлық процессуалдық және тергеу шаралары аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары тиісті юрисдикция бойынша сотқа жолданады. Әзірге іс өндірісте», – деді Салтанат Әзірбек.

Брифинг барысында Алматыдағы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу шаралары да сөз болды.

Қалалық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ногайбаевтың айтуынша, жыл басынан бері жасөспірімдер жасаған қылмыс саны төмендеген. Профилактикалық есепке 318-ге жуық кәмелетке толмаған және 326 қолайсыз отбасы алынған.

Олармен полиция қызметкерлері тұрақты жұмыс жүргізіп, тұрғылықты жеріне барып, психологтар мен мұғалімдерді тарта отырып профилактикалық әңгімелер өткізеді.

Полиция өкілінің айтуынша, Абылайханның өліміне қатысты қылмыс профилактикалық есепте тұрған адамдар тарапынан жасалмаған. Яғни күдікті бұған дейін полицияның профилактикалық бақылауында болмаған.

Қайғылы оқиға маусым айында Алматының Түрксіб ауданында болған. 12 жастағы бала өзімен жасты баланың салған пышақ жарақатынан қаза тапқан.

Қазір істің барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін материалдар сотқа жіберіледі. 

Материал авторы