123

Түркияда тұратын қазақстандық 300 мың теңгесін айырбастамақ болып, алаяққа тап болды

Алаяқ әйелдің танысының суретін пайдаланып, ақша аударуға көндірген.

Түркияда тұратын қазақстандық 300 мың теңгесін айырбастамақ болып, алаяққа тап болды
AI / SMARTNEWS.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркияда тұрақты тұратын қазақстандық әйел 300 мың теңгесін түрік лирасына айырбастамақ болып, Telegram желісіндегі алаяқтың арбауына түскен. Алайда ол ақшасын толық қайтарып алды. Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды.

Әйел теңгені лираға айырбастау үшін Telegram арқылы көмек іздеген. Осы сәтте алаяқ оның танысының суретін пайдаланып, сол адамның атынан хабарласқан. Сеніміне кірген қылмыскер қазақстандықты ақша аударуға көндірген.

Алданғанын түсінген әйел банкке жүгінген. Оның өтініші банк пен CyberPol қызметкерлерінің бірлескен жұмысына алынған.

Актөбе қаласы полиция басқармасының киберқылмыстарды ашу бөлімінің жедел уәкілі Молдаш Жақсыбаев әйелмен байланысып, жағдайды анықтап, Telegram желісіндегі алаяққа қатысты цифрлық деректерді дұрыс тіркеуге көмектескен.

Нәтижесінде қазақстандық қажетті ақпараттарды ұсынып, шамамен 300 мың теңгесін толық қайтарып алған.

ІІМ мәліметінше, алаяқтар адамдардың сеніміне кіру үшін таныстарының суреттерін, аты-жөнін және әлеуметтік желідегі аккаунттарын жиі пайдаланады. Сондықтан мессенджерде таныс адам ақша сұраса, бірден аударым жасамай, онымен өзіңіз білетін нөмір арқылы қайта байланысып, хабарламаның расында сол адамнан келгенін тексеру қажет. 

Материал авторы