100

2,5 млрд теңге: Халықаралық іздеудегі күдікті Кореядан елге жеткізілді

Жалған компаниялар арқылы 2,5 млрд теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.

2,5 млрд теңге: Халықаралық іздеудегі күдікті Кореядан елге жеткізілді
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанға халықаралық іздеуде болған Ұлан Байболов Оңтүстік Кореядан экстрадицияланды. Ол 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысты қылмыстық іске қатысы бар деп күдікке ілінген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Байболовты Қазақстанға Қаржылық мониторинг агенттігі Интерполдың көмегімен қайтарған. Тергеу мәліметінше, ол салықтан және бюджетке төленуге тиіс басқа да міндетті төлемдерден жүйелі түрде жалтарған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған.

Тергеу нұсқасы бойынша, топтың схемасы кәсіпорындарды номиналды басшыларға рәсімдеп, қайта тіркеуге негізделген. Жалған тұлғаларға рәсімделген компаниялардың банк шоттары арқылы қаржылық операциялар жүргізіліп, салық есептілігіне әдейі жалған мәліметтер енгізілген. Кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

2,5 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған

Схемаға қатысы бар кәсіпорындардың бірі «Сфера» ЖШС болған. Байболов 2014 жылы осы компанияның директор орынбасары қызметіне тағайындалған.

ҚМА мәліметінше, қылмыстық топ мүшелерінің әрекеті нәтижесінде кәсіпорынның есепшоттарынан 2,5 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Ал мемлекетке қайта есептелген салық көлемі 1 млрд теңгеден асқан.

Қазақстанға экстрадицияланған күдіктіге қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. ҚМА тергеу мүддесіне байланысты істің өзге де мәліметтері Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайтынын мәлімдеді.

 

Материал авторы