93

Аяғы ауыр әйелін молаға апарып, қорқытқан ер адам тергеліп жатыр

Жамбыл облысында 18 жастағы жүкті әйел зорлық көргенін айтып, көмек сұраған.

Аяғы ауыр әйелін молаға апарып, қорқытқан ер адам тергеліп жатыр
Getty Images / Katarzyna Bialasiewicz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында 18 жастағы жүкті әйелге күйеуі күш көрсетіп, оны қорқытты деген ақпарат тарады. Әйел болған жағдайды құрбысына айтып берген, ал оқиға туралы мәлімет әлеуметтік желіде жарияланған.

Құқық қорғаушы Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі жазбасында әйелдің сөздерін келтіріп, оның күйеуі үйден рұқсатсыз шыққаны үшін күш көрсеткенін хабарлаған. Жәбірленушінің айтуынша, ер адам оны мола маңына апарып, қорқытып, жол бойы және сол жерде ұрып-соққан.

Әйелдің сөзінше, оқиғадан кейін оның денсаулығы нашарлап, жүктілігінің 36 аптасы 5 күнінде ауруханаға түскен.

Кейін жәбірленуші жазбаның өшірілуін сұраған. Құрбысы да жарияланымды әлеуметтік желіден алып тастаған.

Құқық қорғаушы әйелдің қауіпсіздігіне алаңдап, істі полиция мен өзге де уәкілетті органдардың бақылауына алуға шақырды. Ол сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерді өз құқықтарын білуге және көмек сұраудан қорықпауға үндеді. 

Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Бұл норма жәбірленушінің дәрменсіз күйін немесе кінәліге материалдық не өзге тәуелділігін біле тұра күш қолдану фактілеріне қатысты.

Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесінде тиісті процестік шешім қабылданады. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор