219

Колонияда отырған қазақстандық блогер Путиннен азаматтық сұрады

Ол үндеуінде Қазақстандағы колонияда қысым көріп отырғанын айтып, Ресейден қауіпсіздік кепілдігін сұраған.

Колонияда отырған қазақстандық блогер Путиннен азаматтық сұрады
youtube.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жазасын өтеп жатқан Ермек Тайчибеков Ресей президенті Владимир Путинге үндеу жасап, алдымен саяси баспана, кейін Ресей азаматтығын беруді сұраған. Бұл туралы «ПолитНавигатор» басылымы жазды.

Басылымның мәліметінше, Тайчибековтің адвокаты Ғалым Нұрпейісов арқылы Ресей президентінің атына жолдаған үндеуі колониядан шығарылған. Оның сөзінше, мекеме әкімшілігі бұған дейін оның кейбір өтініштері мен құжаттарын сыртқа шығаруға шектеу қойған.

Тайчибеков үндеуінде колонияда өзіне физикалық және психологиялық қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеген. Сондай-ақ ол діни көзқарасын өзгертуге мәжбүрлеу және басқа да қысым түрлері болғанын айтқан. Бұл мәлімдемелерді тәуелсіз дереккөздер растамаған.

Ол Ресей президентінен өзін саяси баспанамен қамтамасыз етуді және кейін азаматтық беру мүмкіндігін қарастыруды сұраған.

«ПолитНавигатор» материалында Тайчибековтің Қазақстандағы қылмыстық қудалануы мен сот үкіміне қатысты өзіне тиімді бағалаулар да келтірілген. Алайда басылымның «жасанды айып» және Қазақстан билігінің әрекеттеріне қатысты бірқатар тұжырымдары редакция тарапынан тәуелсіз түрде расталмаған.

Бұған дейін Тайчибеков ұлттық араздықты қоздырды деген айыппен сотталғаны туралы ақпарат тараған. «Әділ сөз» қорының дерегінде ол 2021 жылы осы бап бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылғаны көрсетілген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор