Жамбыл облысында экс–депутат Бақытжан Базарбектің қатысы бар деген жол апаты талқыланып жатыр
Полиция жол апатының болғанын растады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысы бар деген жол апаты әлеуметтік желіде талқыланып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасынан бір адам ауыр жарақат алған.
Апат 15 тамыз күні кешке Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автожолында болған.
Qumash мәліметінше, жол апатына дейін осы учаскеде көлік сиырды қағып кеткен. Ер адамдар жол үстінде қалған жануарды алып кетуге әрекет жасап жатқан кезде олардың бірін Toyota RAV4 көлігі қағып кеткен.
Оқиғаға қатысты ақпаратты таратқан Telegram-арнада көлік тізгінінде экс-Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек болуы мүмкін екені айтылған.
Апат салдарынан 36 жастағы ер адам бірнеше жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, оның жағдайы ауыр.
Полиция не дейді?
Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апатының болғанын растаған. Алайда ведомство көлік жүргізушісінің толық аты-жөнін жарияламаған.
Полицияның мәліметінше, Toyota маркалы көліктің жүргізушісі жол бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған.
Қазір оқиғаға қатысты қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ал Бақытжан Базарбектің бұл оқиғаға қатысты ұстанымы әзірге белгісіз.
Материал авторы