Елена Рыбакина америкалық теннисшіні жеңіп, Цинциннатиде үшінші айналымға шықты
Рыбакинаның келесі қарсыласы анықталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің үшінші айналымына жолдама алды. Ол екінші кезеңде америкалық Тейлор Таунсендті екі сетте жеңді.
Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Рыбакина турнирдің бірінші айналымында ойнаған жоқ. Екінші кезеңде қазақстандық теннисші WTA рейтингінде 94-орында тұрған америкалық Тейлор Таунсендпен кездесті.
Матч 1 сағат 19 минутқа созылып, Рыбакинаның 6:3, 6:4 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Қазақстандық спортшы бес эйс жасап, бір рет қос қателік жіберді. Сондай-ақ төрт брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Енді Рыбакина үшінші айналымда Польша өкілі Магдалена Френхпен кездеседі. WTA рейтингінде 41-сатыда тұрған Френх екінші айналымда латвиялық Елена Остапенконы, яғни әлемнің 30-ракеткасын жарыстан шығарды.
Айта кетейік, Елена Рыбакина былтыр Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінде жартылай финалға дейін жеткен. Сондықтан биыл ол былтырғы нәтижесі үшін берілген 390 рейтингтік ұпайын қорғауы керек.
Материал авторы