177

Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль кімдерге беріледі? Балаева жауап берді

Қазақстанда мәдениет саласына арналған екі жаңа марапат енгізіледі.

Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль кімдерге беріледі? Балаева жауап берді
t.me/@madenietaqparat

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда мәдениет саласының өкілдеріне арналған екі жаңа мемлекеттік марапат енгізіледі. Оның бірі ұлттық музыка мәдениетіне үлес қосқан азаматтарға берілсе, екіншісі бейнелеу өнерінің майталмандарына табысталады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар жүйесіне «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу туралы шешім қабылдады.

Аида Балаеваның айтуынша, Шәмші Қалдаяқов атындағы медаль ұлттық музыка мәдениетін, композиторлық және орындаушылық өнерді дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға табысталады.

Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағына кескіндемешілер, графиктер, мүсіншілер және ұлттық көркемсурет мектебінің дамуына үлес қосып жүрген басқа да бейнелеу өнері өкілдері үміткер бола алады.

Министрдің пікірінше, бұл шешім тек жаңа марапаттарды енгізумен шектелмейді. Ол мәдениет пен өнердің, сондай-ақ осы салаларға өмірін арнаған мамандардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған саясаттың жалғасы болмақ.

Қазір Қазақстанның мәдениет саласында 56 мыңнан астам маман еңбек етеді. Елде 85 театр, 286 музей, 67 концерттік ұйым және 3054 мәдени-демалыс мекемесі жұмыс істейді.

Министрдің мәліметінше, соңғы бес жылда мәдениет қызметкерлерінің жалақысы екі есеге өскен. Ал 2026 жылдан бастап өнер қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік стипендия көлемі де екі есеге артты. Жыл сайын мұндай қолдауға 75 адам ие болады.

Бұдан бөлек, мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне 260 пәтер берілген. Оның 200-і Астана қаласында, 60-ы Алматыда орналасқан. Сондай-ақ Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай саланың 100-ден астам өкілі мемлекеттік наградалармен марапатталған.

Аида Балаева бұған дейін Қазақстанда 30 жыл үзілістен кейін «Халық әртісі» құрметті атағы қайта енгізілгенін де еске салды.

Министрдің сөзінше, жаңа марапаттар шығармашылық мамандықтардың беделін көтеріп, жас мәдениет және өнер қайраткерлеріне қосымша ынталандыру беруі тиіс.

Материал авторы