210

Төрт баланың анасымен жалған неке қиып, 50 млн теңге алған подполковник сотталып кетті

Мемлекеттік төлемді көбейту үшін жалған отбасы құрған подполковникке үкім шықты.

Төрт баланың анасымен жалған неке қиып, 50 млн теңге алған подполковник сотталып кетті
AI / SMARTNEWS.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе гарнизонының әскери соты шекара қызметінің подполковнигіне қатысты үкім шығарды. Ол тұрғын үй төлемін заңсыз алу үшін төрт баланың анасымен жалған неке қиып, мемлекеттен 50 млн теңгеден астам қаражат алған. Бұл туралы «Диапазон» жазды.

Жалған неке арқылы отбасы құрамын «ұлғайтқан»

Тергеу материалдарына сәйкес, Маңғыстау облысындағы шекара жасағында аға жедел уәкіл болып қызмет атқарған 45 жастағы Алмат К. тұрғын үй төлемін көбейту мақсатында төрт баланың анасымен фиктивті неке рәсімдеген.

Ол әйелге осы келісім үшін 3 млн теңге беруге уәде еткен. Схеманы жүзеге асыру үшін ер адам да, әйел де бұрынғы жұбайларымен ажырасқан. Кейін офицер әйелдің балаларына қатысты құжаттарды нотариус арқылы куәландырып, оларды шекара қызметінің тұрғын үй комиссиясына тапсырған. Осылайша отбасы құрамын жасанды түрде көбейтіп, мемлекеттік төлем көлемін арттырған.

Нәтижесінде оның есепшотына 50 млн 503 мың теңге көлемінде тұрғын үй төлемі түскен.

Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл қаражат кейін әйелдің ағасына тиесілі пәтерді сатып алу келісіміне пайдаланылған. Сатушының шотына түскен ақша сол күні қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейін әскери қызметшінің басқа банктегі есепшотына қайта аударылған.

Офицер уәде етілгендей төрт баланың анасына 3 млн теңге берген. Артынша жалған неке бұзылған.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындамады

Алмат К. сотта тағылған алаяқтық айыбын мойындамаған. Оның айтуынша, төрт баланың анасымен интернеттегі чат арқылы танысып, әйел оған отбасылық мәселелерін айтып, екеуінің арасында жақын қарым-қатынас қалыптасқан.

Айыпталушы некенің шынайы болғанын, олардың бір-біріне сезімі болғанын айтқан. Алайда бірге тұрмағанын балалар мектепті аяқтағанша күтуімен түсіндірген.

Тұрғын үй төлемін де заң аясында алғанын мәлімдеген. Ал екінші әйелімен тез ажырасып кетуін бұрынғы жұбайының жүкті болғанын жаңа әйелі біліп қоюымен байланыстырған. Кейін бірінші әйеліне қайта үйленгенін айтқан.

Алайда сот оның бұл түсініктемелерін сынға алған.

Төрт баланың анасы да сотта айыпталушымен жақын қарым-қатынасы болмағанын және бірге тұрмағандарын айтқан. Оның сөзінше, неке бастапқыдан жалған болған, ал оны рәсімдеуге офицер мен оның әйелі көндірген.

Әйел бұл әрекет олардың зейнетақы жинағын алуына қажет деп ойлағанын айтқан. Ал әскери қызметшінің мемлекеттен 50 млн теңге алғанын тергеу кезінде ғана білген. Осыдан кейін оның үстінен арыз жазған.

Ол өзіне берілген 3 млн теңгені «көмек үшін алғыс» ретінде қабылдап, ақшаны қарыздары мен несиелерін өтеуге жұмсағанын растады.

Подполковник 6 жылға сотталды

Ақтөбе гарнизонының әскери соты некенің фиктивті болғанын және мемлекеттік қаражатты алу үшін осы тәсілдің қолданылғанын анықтады.

Сот Алмат К.-ны 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар ол мемлекетке келтірілген 50 млн теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттелді.

Бұдан бөлек, сот үкімімен оның подполковник әскери атағынан айырылуы көзделген.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор