«Мамбеттер, калбиттер, қазанбастар»: Бейбіт Әлібеков әкесінің даулы жазбасына жауап берді
Белгілі кәсіпкердің әкесі жазған жазбасы қоғамның шамына тиді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, кәсіпкер әрі блогер Бейбіт Әлібековтің әкесі Бақыт Әлібековтің әлеуметтік желідегі жазбалары қоғамда қызу талқыланып жатыр. Оның Пушкин ескерткіші мен орыс тіліне қатысты пікірінен кейін қолданушылар автордың бірқатар сөздеріне наразылық білдірді.
Бақыт Әлібеков Facebook парақшасында Пушкин ескерткішіне және орыс тіліне қатысты мәселеге байланысты пікірін білдірген. Жазбада ол кейбір адамдарға қатысты қоғамда жағымсыз реакция тудырған сөздерді қолданған.
Атап айтқанда, жазбада «мамбеттер», «калбиттер», «қазанбастар» сияқты сөздер кездеседі. Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары автордың сөздеріне қатысты пікір білдіріп, жазбаға құқықтық баға беруді сұрады.

Дегенмен желіде Бақыт Әлібековті қолдағандар да болды. Олар оның сөздері тұтас бір ұлтқа емес, белгілі бір адамдар мен олардың ұстанымдарына бағытталған деп есептейді.
Осылайша, әлеуметтік желідегі талқылау екіге жарылды: бір тарап жазбадағы сөздерді орынсыз деп санаса, екінші тарап автордың пікір айту құқығын алға тартты.
Бейбіт Әлібеков әкесінің пікірін қолдамайтынын айтты
Даудың ортасында қалған Бейбіт Әлібеков әкесінің көзқарасымен келіспейтінін ашық мәлімдеді.
Ол ата-анасы мен баласының жеке тұлға ретінде бір-бірінен бөлек екенін атап өтті. Сондықтан әкесінің сөзі мен әрекеті үшін жауап бермейтінін айтты.
«Әкемнің көзқарастары мен пікірлерін ешқашан қолдаған емеспін және бұл туралы бірнеше рет ашық айттым. Әкем және мен екі бөлек тұлғамыз. Әр адамның өз ұстанымы мен пікірі болуға құқығы бар. Бірақ мен тек өз сөзіме, іс-әрекетіме және көзқарасыма ғана жауап бере аламын», – деді ол.
Әлібековтің пікірінше, кәмелетке толған адамның айтқаны мен жасаған әрекеті үшін оның баласы жауап беруге міндетті емес. Сондықтан әкесінің сөзіне байланысты ақталуға негіз жоқ екенін жеткізді.
Бейбіт Әлібеков туралы
Бейбіт Әлібеков – кәсіпкер, журналист және блогер. Ол бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп, кейін бизнес пен жеке жобаларына көңіл бөлген.
Сондай-ақ ол Қазақстан Медиа Альянсының негізін қалаушылардың бірі. 2022 жылы «Республика» партиясын құруға атсалысып, қазіргі уақытта оның тең төрағаларының бірі саналады.
Материал авторы