Меркідегі күйеуі бір печенье үшін ұрған жас ана өзіне қол салды
Марқұм күйеуінің ұрғаны туралы хатта жазып кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Меркі ауданында жас әйелдің қазасына қатысты жаңа мәлімет жарияланды. Марқұмның туыстарының айтуынша, әйел қайтыс болар алдында құрбысына хат жазып, күйеуі тарапынан күш қолданылғанын айтқан. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Бұл туралы белсенді құқыққорғаушы Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Заңгердің мәліметінше, оның құқықтық көмек көрсету орталығына Меркі ауданындағы қайғылы оқиғаға байланысты марқұм әйелдің туысы жүгінген.
Туысының айтуынша, әйел құрбысына хат жазып, отбасында болған жағдай туралы айтып кеткен. Хатта оның күйеуі өзін «бір Барни печеньесі үшін» ұрғаны туралы сөз болған.
Кейін жас әйел қайтыс болған. Оның өліміне нақты не себеп болғаны және оқиғаға кімнің кінәлі екені әзірге белгісіз.
Марқұмның артында сегіз айлық сәбиі қалған.

Заңгерлер істі бақылауға алды
Ләззат Рақышева қазір марқұмның туыстарына құқықтық кеңес беріліп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл кезеңде ешкімді кінәлі деп жариялауға болмайды.
«Барлық жағдай заң аясында толық әрі әділ тергеліп, шындық анықталуы керек», – деп жазды заңгер.
Ол құқық қорғау органдарын әйелдің өліміне қатысты барлық мән-жайды жан-жақты тексеруге шақырды.
Атап айтқанда, сот-медициналық сараптаманың қорытындысы, әйелдегі жарақаттардың сипаты, өлімнің нақты себебі және басқа да дәлелдер мұқият зерттелуі қажет. Сонымен қатар отбасында бұған дейін зорлық-зомбылық фактілері болған-болмағанын анықтау маңызды.
Егер тергеу барысында ер адамның әрекеті әйелдің өліміне себеп болғаны дәлелденсе, оның іс-әрекетіне заң талаптарына сай құқықтық баға беріліп, кінәлі адам жауапқа тартылуы тиіс.
Әзірге бұл іске қатысты құқық қорғау органдарының ресми қорытындысы жарияланған жоқ.
Материал авторы