«Үйге жалаңаяқ жүгірдім»: Қарағандыда қызды аңдыған ер адамға іс қозғалды
Қыздың әлеуметтік желідегі шағымынан кейін 49 жастағы ер адам табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда әлеуметтік желіде жарияланған шағымнан кейін полиция 49 жастағы ер адамның жеке басын анықтады. Қыздың айтуынша, ер адам түнгі дүкеннен үйіне қайтып бара жатқанда артынан аңдып, кейін оның соңынан жүгірген.
Қызды таңғы бесте ер адам аңдыған
Оқиға қыздың айтуынша, таңғы сағат бестер шамасында болған. Ұйқысы келмеген ол тәулік бойы жұмыс істейтін дүкенге барып, үйіне қайтып келе жатқан. Жолда бейтаныс ер адамды байқап, оның бірнеше рет артына бұрылып, өзіне қарап тұрғанын көрген.
Қыз жағдайдан алаңдап, құлаққабындағы музыканы бәсеңдетіп, күйеуіне телефон соға бастаған.
Алайда біраз уақыттан кейін ер адам кенеттен оның соңынан жүгіріп, айқайлап, балағат сөздер айтқан.
Қыз қорқып, үйіне қарай жүгірген. Жолда аяқ киімі түсіп қалғанына қарамастан, үйіне дейін жалаңаяқ жетуге тырысқанын әлеуметтік желідегі жазбасында баяндаған.
Полиция ер адамды анықтады
Қыздың Threads желісіндегі жазбасына полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторинг жасау барысында назар аударған.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысы бар адамның жеке басы анықталған. Ол – Қарағандының 49 жастағы тұрғыны.
Ер адамға ұсақ бұзақылық және тыныштықты бұзу баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жиналған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі.
Сонымен қатар полиция оған құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту жасаған.
Материал авторы