Ақмола облысында мас жасөспірімдер қыздарды тоғайға алып кетпек болған
Талапкерде мас жасөспірімдер қыздарды алып кетпек болған іске полиция араласты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының Талапкер ауылында мас күйдегі жасөспірімдер жергілікті қыздарды тоғай жаққа алып кетуге әрекет жасаған. Полиция дер кезінде араласып, оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірімді анықтады.
Оқиға Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылында болған. Полиция қызметкерлері «Назар, балалар!» жедел-профилактикалық шарасы кезінде бейнебақылау камераларын тексеріп, бір топ кәмелетке толмаған жасөспірімді байқап қалған.
Полиция мәліметінше, жасөспірімдер басқа елді мекеннен келген. Олардың барлығы алкогольдік ішімдік ішкен күйде болған.
Жасөспірімдер ауылдағы құрдас қыздармен танысып, кейін оларды тоғайға қарай алып кетуге әрекет жасаған. Құқық қорғау органдары мұндай жағдай балалардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіргенін атап өтті.
Полицияны көргенде қашуға тырысқан
Оқиға орнына учаскелік полиция қызметкерлері дереу жеткен. Құқық қорғаушыларды көрген жасөспірімдер жан-жаққа қашып кеткенімен, полиция көп ұзамай оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтап, бөлімшеге жеткізген.
Тексеру нәтижесінде кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция мәліметінше, жасөспірімдерге кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдік ішуі және ұсақ бұзақылық бойынша тиісті шара қолданылған.
Сонымен қатар жасөспірімдердің ата-аналары да жауапкершілікке тартылды. Оларға балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция мұндай жағдайдың соңы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, ата-аналарды балалардың қайда жүргеніне және кімдермен араласатынына жіті назар аударуға шақырды.
Материал авторы