ЕҰУ-ды 16 жыл басқарған ректор Ерлан Сыдықовтың келісімшарты ұзартылмайды
Жүйе өзгерсе, енді бір адам бір университетті алты жылдан артық басқара алмайды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін 2011 жылдан бері басқарып келе жатқан Ерлан Сыдықовтың өкілеттік мерзімі аяқталған соң келісімшарты ұзартылмайды. Бұл туралы Kazinform жазды.
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовпен жасалған келісімшартты қайта ұзартпау туралы шешім қабылдаған. Оның қазіргі өкілеттік мерзімі 2027 жылдың басында аяқталады.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметтегі брифинг барысында бұл ақпаратты растады.
«Қазір осы ректордың өкілеттік мерзімі аяқталады. Біз оны ұзартпаймыз», – деді министр.
Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университетін 2011 жылдан бері басқарып келеді. 2021 жылы дауыс беру қорытындысы бойынша университет ректоры қызметіне қайта тағайындалған.
Ректорлар қанша мерзім қызмет атқара алады?
Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының басшыларымен еңбек шартын жасасу тәртібіне де түсініктеме берді.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы тәртіп бойынша ректормен стандартты келісімшарт үш жылға жасалады. Министрлік оны тағы бір мерзімге ұзартуға құқылы. Алайда одан кейін ректор қызметіне қайта келу үшін конкурсқа қатысуы керек.
Заң бойынша конкурсқа кез келген азамат өтініш бере алатындықтан, бір адамның университет басшылығына қайта үміткер болуына қазіргі тәртіп кедергі келтірмейді.
Енді Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл жүйені өзгертуді жоспарлап отыр. Жаңа тәртіп бойынша ректорларға екі мерзімдік шектеу енгізу көзделген.
Яғни бір адам бір жоғары оқу орнын ең көбі алты жыл басқара алатын болады.
Материал авторы